Футболдан 1 айға созылған Еуропа чемпионаты аяқталды. Финалда Испания құрамасы Англияны ұтып, кәрі құрлықтың басты доп додасында 4-ші рет топ жарды.
Құрамалар арасындағы ойынның бірінші таймында гол соғылмады. Екінші тайм басталған тұста-ақ «қызыл фурия» есепте алға шықты.
https://t.me/dodatimes/24923?embed=1&mode=tme
Ламин Ямальдың асырған добын Нико Уильямс қақпа торында тулатты. Англия құрамасының қақпашысы Пикфорд командасын голдан құтқарып қала алмады.
73-минутта алаңға жаңа шыққан Коул Палмер есепті теңестірді. Оның алыстан жерлете тепкен добын Унай Симон қайтарып үлгермеді.
86-минутта Микель Оярсабаль өз мүмкіндіндігін сәтті пайдаланып, есепте қайта құрамасын алға шығарды. Ол қорғаушылардан ерте жетіп, допты қақпаға енгізді.
https://t.me/dodatimes/24929?embed=1&mode=tme
Испания құрамасы өз тарихында 4-ші рет Еуропа чемпионы атанды. Бұған дейін 1964, 2008 және 2012 жылдары жеңімпаз болған. Англия екінші жарыс қатарынан финалға шығып, жеңіліс тапты.