Шалғайдағы ауыл мектебінен үлкен аренаға шыққан жас спортшылар Қырғызстанда 2008–2010 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен халықаралық волейбол турнирінде ел намысын қорғап, мерейін үстем етті. Бұл жарысқа «Auyl sport — 2024» республикалық турнирінің жеңімпаздары – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының қыздар командасы мен Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының ұлдар командасы қатысты.
Қарапайым жаттығу залынан басталған жол Қырғызстан төріндегі жеңіске ұласты. Бұл – Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатқан «AUYL SPORT» нәтижесі. Жоба ірі кәсіпкер, спорт жанашары Тимур Құлыбаевтың ауылдағы талантты жастарға жол ашу жөніндегі стратегиялық бастамасы. Оның бастамасымен «Halyk» қоры бұқаралық спортты қолдауға жүйелі түрде қаржы бөліп келеді.

Жарыс барысында үлкен тартысқа толы ойындар өтті. Ұлдар арасындағы финалда Үшқоңыр ауылының командасы Қырғызстанның Чу облысы, Мраморное ауылының ұжымын 2:0 есебімен ұтып, чемпион атанды.

Қыздар арасындағы додада Бескөл ауылынан барған волейболшы қыздар тамаша ойын көрсетіп, жүлделі үшінші орын иеленді.
«Қор балаларға әрдайым қолдау білдіруге ниетті. Әсіресе ауылда өскен талантты балалардың үлкен аренаға шығуына жағдай жасауға қашанда дайынбыз. Бұл қолдау бұдан әрі де жалғасады», — деді Ғалымбек Жақсылықұлы.

Айта кетейік, «AUYL SPORT» – Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры қолға алған маңызды әлеуметтік жоба. Бағдарлама 2024 жылдан бастап ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, талантты балаларды қолдау және кәсіби спортқа бағыттауға жұмыс істейді.