Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту бағытында жаңа қадам жасалды.

Тимур және Динара Құлыбаевтар негізін қалаған Halyk қайырымдылық қоры мен “Қазақстанның каратэ федерациясының одағы” ЗТБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Бұл келісім ауылдық аймақтардағы спорт инфрақұрылымын жақсартуға, ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа баулуға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ ауылдық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастама жас спортшыларды қолдауға, олардың әлеуетін дамытуға және спорттық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Құжатқа Halykқорының Атқарушы директоры Жақсылықов Ғалымбек Жақсылықұлы және «Қазақстанның каратэ федерациясының одағы» ЗТБ Бас хатшысы Молдағали Асқар қол қойды.
Бүгінде еліміздің көптеген ауылдық аймақтарында спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, жаттықтырушылар мен төрешілердің тапшылығы байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, AUYL SPORT жобасы – ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін маңызды бастама.
Каратэ федерациясымен әріптестік – жобаның дамуына тың серпін береді

Бұл меморандум еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мен қайырымдылық мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Құжатқа қол қойған тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты тереңдетіп, ауылдық спорттың қолжетімділігін арттыру үшін бірлесе жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.

Еске салайық, AUYL SPORT жобасы 2024 жылы облыстық деңгейдегі турнирлерден бастау алды. Оған 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысып, спортқа деген қызығушылықтарын танытты. Каратэ – жоба аясында қамтылған алты спорт түрінің бірі. Жобаның республикалық турнирінің финалы еліміздің 17 облысынан 1300-ден астам жас спортшыны бір алаңда тоғыстырып, ауыл спортын жаңа деңгейге көтерді.
