Бүгін түнде UEFA Суперкубогының иегері анықталады. Финалда биыл Чемпиондар лигасын ұтқан «Реал Мадрид» (Испания) пен Еуропа лигасының жеңімпазы «Аталанта» (Италия) кездеседі.
Ойын Варшавадағы «Народовы» стадионында өтеді. Қазақстан уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Маусым алдындағы маңызды ойынға швейцариялық төреші Сандро Шерер қазылық жасайды.
Қазақстандықтар бұл ойынды QazSport арнасынан және сайтынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Бұл ойындағы басты оқиғалардың бірі – Килиан Мбаппенің «Реал» сапында алаңға шығуы. Осы жазда «корольдік клуб» сапын толықтырған шабуылшы алғашқы ресми кездесуінде негізгі құрамда ойнайды деп күтілуде. Сондай-ақ жаңа командасымен алғашқы кубогын иелену мүмкіндігі туып тұр.